«Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы шара

Покрутите

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен  «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында  мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шарада түрлі тұрмыстық заттар, суреттер, әсіресе тоқыма бұйымдары көптеп қойылды. Сату бағасын шеберлер өздері белгілеген.

Мысалы, қыс маусымына арналып тоқылған киім-кешектің түр-түрі көп сұранысқа ие болды. Аталған шарада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева қайырымдылық айлығына байланысты аудан көлемінде атқарылған шараларға тоқталып, сөз сөйледі.

«Баршаңыз білетіндей, қазан айы дәстүрлі қайырымдылық айы саналады. Әрине мейірімділікке мұқтаж жандарға қайсыбір кезде де көмек үзбей көрсетілсе, артықтық етпейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басты назарда ұстап отырған әлеуметтік әлжуаз топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды мүмкіндігінше жұмыспен қамту, барынша қолдау көрсету әрқайсымыздың парызымыз» — деді ол.

Ауылдық округтердің әкімдері, еңбек ұжымдардың өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, тұрғындар қатысқан жәрмәңкеде көптеген бұйым пышақ үстінде сатылып кетті. Қырықтан астам шебердің қолынан шыққан дүниелерден 143800 теңге жиналды. Түскен қаржылар сатылған бұйымдардың иелеріне тапсырылды.