«Туған жерге тағзым»

Покрутите

Дәл осындай атаумен Батыс Қазақстан облысы «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалының ұйымдастыруымен облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында арнайы ұйымдастырылған жыр додасы үш бөлімнен тұрды. Алғашқы «Туған жерге тағзым» бөлімінде ақындар Тасқала топырағын толғатса, келесі «Азаттық таңы арайлы» бөлімінде Елбасы мақаласы мен «Алаш» партиясының 100 жылдығын жырларына арқау етті. Ал соңғы «Жастық жалын жырлары» бөлімінде қатысушыларға еркін тақырыпта жыр оқу тапсырмасы берілді.

Жыр додасына облыстың түкпір-түкпірінен 17 ақыннан өтініш түсті. Үміткерлердің қатарында жаста болса сан додада топ жарып, көптің көзіне ерте түскен танымал жас жыр жүйріктері болғандығы, мүшәйра салмағын арттыра түсті. – Мүшайраға қатысушы ақындар облыстың әр ауданы мен Орал қаласында жоғары оқу орнының студенттер. Өлеңдеріне қарап риза болып отырмыз. Елбасы ұсынған рухани жаңғыру бағдарламасын жастар жеткізе жырлаған. Алаш арыстарының ізгілікке толы еңбек жолдарын да тамаша суреттей білген. Жас жыр жампоздарының Тасқаланы табиғатын табылжыта өлең тілінде сөйлеткен екен. Көрермен ретінде ауыл жастарын қатыстырдық. Олар жыр кешінен өздеріне үлкен рухани күш алғандарын айтты, — деді филиал төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез.

Әділқазылардың шешімі бойынша М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті, атыраулық Асылай Ниязбай бас жүлдені жеңіп алды. Теректіден келген Әділет Орынбасаров 1-орын, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті атыраулық Асланбек Шығыров 2-орын, жаңақалалық Азат Бақиев 3-орынға ие болды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға арнайы диплом мен ақшалай сый табысталды.